Аударма ұғымы мен оның мәнін, әсіресе, мәдениеттанулық ғылым аясындағы мазмұнын ашып көрсету осы бөлімшенің алға қойып отырған міндеті. Соған қол жеткізу үшін аударма түсінігін талдаудан бастаған жөн. Айтылған сөзді ауызша қотару барысындағы тілмаштық болсын, хатқа түсірілген сөзді жазбаша тәржімалау болсын, жалпы, мән-мағынаны тасымалдау (хабарлау, баяндау, әңгімелеу) болсын – бәрі-бәріне қатысты, жалпылама алғанда, аударма деуге негіз бар. Макроконтексте аударма дегеніміз адами әлемнің заңды процесі әрі кез келген жанның табиғи қабілеті. Бір тілдің өз ішінде әлдебіреудің айтқанын, жазғанын одан басқа адам қабылдау, түсіну барысында өзінің “ішкі” тіліне аударады деуге болады. Өйткені әрбір адамның “өз тілі” бар, сондықтан басқа адамның айтқанын біз үнемі аударма заңдылығымен қабыл аламыз.

Кезінде Р. Якобсон “Аударма туралы” деген эссесінде [6, 22 б.] аударманың үш түрін көрсеткен екен:

1) бір тілдің өзінің ішіндегі тілішілік аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін сол тілдің басқа белгілерімен сипаттау – түсініктеме, талдау, мазмұндау, бір тілдің ескі нұсқасында жазылған шығарманы жаңаша сөйлету (мысалы, көне түркі тіліндегі жәдігерлерді бүгінгі қазақ тілінде түсінікті етіп жеткізу) және т.б.;

2) сөздің төл мағынасындағы аударма, немесе, тіларалық аударма, яғни бір тілдің лингвистикалық белгілерін басқа тілде беру;

3) семиотикааралық аударма, немесе трансмутация, яғни тілдің лингвистикалық белгілерін бейлингвистикалық белгілер жүйесі арқылы қайталау. Мысалы: белгілі роман не повесть желісінде фильм түсіру немесе қойылымдар даярлау.

Осыдан, былайша айтқанда, аударма болып есептелмейтін “аударманың” екі формасы бар екені көрініп тұр. Біріншісін Якобсон аудармадан басқа сөзбен жеткізеді: тілішілік аударма немесе басқа атау беру, “rewordіng”. Сондай-ақ, үшіншісі де аударма болып есептелмейтін семиотикааралық аударма немесе трансмутация. Бұл екі жағдайда да сөз “аударманың” аудармасы, интерпретациясы туралы болып тұр. Осыдан тура өз мағынасындағы аударма бар және жанама мағынадағы аударма бар деп айтуға болатын секілді.

Аударма ұғымының тар және кең мағынасы бар. Тар мағынасында аударма деп бір тілдің ауызекі немесе жазулы ақпаратын (мәтінін) екінші бір тілде түсінікті етіп жеткізуді айтады. Тар мағынасындағы аударма жалпы аударма ұғымының көпке үйреншікті, дағдылы түсінігін білдіреді. Расында да, аударма дегенде ана тілімізден басқа тілде жазылған көркем-әдеби шығарма мәтіні немесе басқа да керегі болып тұрған ақпарат, хабарлама және т.б. -ны өзімізге түсінікті түрде өз тілімізде бізге жеткізуді көз алдымызға елестетеміз.

Кең мағынасында аударма деп қандай да болмасын мәдени ақпарат түрін, мәдени мәтінді өзінің үйреншікті арнасынан басқа түрге ауыстыру, оны сол мәтін жазылған, айтылған, жасалған “тілден” (бұл тұста тіл деген тар лингвистикалық мағынада қолданылып тұрған жоқ) басқа бір тілге мән-мағынасын бұзбай жеткізуді айтады. Мысалы, айтулы немесе жазулы тілге негізделмеген мәдени салалар: көркемсурет, музыка, би және т.с.с. өз алдында тілдік кейіпке келе алады. Өйткені біз көркемсурет идеясын, музыканың рухын, бидің қимыл-қозғалыстарының мәнін тілге сала аламыз, яғни тіл арқылы “сөйлете” аламыз. “Тілсіз тілдер” ұғымы осыдан барып шығады, “мәдениет – метатіл” деген түсінік туындайды.

Бәріміздің білетініміздей, адамзаттың бір тілде ғана емес, бірнеше мыңдаған тілдерде сөйлейтіндігінен барып аударма қажеттілігі туындайды. Тілдердің көп түрлі болуына биологиялық тұрғыдан алғанда еш негіз жоқ. Өйткені барлық адамзат балалары биологиялық бір түр өкілдеріне жатады. Шындығында, адам тек нәсілдік белгілері бойынша: терілерінің түсіне, бас сүйектерінің көлемі мен формасына, қан құрамына және т.б. белгілері бойынша ғана бірнеше топқа бөлінеді. Осыны негізге алсақ, онда әлемде бес-алты тіл ғана болуы тиіс еді. Қазіргі заманда, әртүрлі есептеулер бойынша әлемде төрт-бес мыңға жуық тілдер бар көрінеді. Жалпы бар тілдердің нақты санын беру өте қиын екендігін де айта кеткен жөн, өйткені көп жағдайда сөз қандай да бір дербес тіл туралы әлде сол тілдің диалекті туралы болып жатқандығын ажырату қиын. Сонымен, мұндағы мәселе биологиялық себептен мүлдем басқада жатыр деген сөз. Әрине, адамзат тек қана биологиялық-табиғи өмірлік бағдарлама шегінде қалып қоймай, өзінің жаратылыс табиғатынан тысқары жатқан, одан мүлдем бөлек заңдылықтарға, яғни шынайы адами-мәдени әлем заңдылықтарына да тәуелділік танытатыны бәрімізге аян.

Аударма дегеніміз не? Аударманың түп сырына, терең тұңғиығына (философиясына) “сүңгімес” бұрын ұғымның өзін анықтап алу керек. “Аударма” деген сөз күнделікті тұрмыстық деңгейде жалпыға мәлім және де түсінікті болып көрінгенімен де, көптеген басқа сөздер сияқты, ол да бірмағыналы жайдақ сөз емес. Сондықтан оны пайдалану барысында үнемі нақтылап отыру да керек. Сөзді қолдану жағдайы мен контекст аударма терминінің қай мағынада алынғандығын нақтылап береді. Аударманың ғылыми анықтамасын біз сол аударманы арнайы зерттейтін тілтанулық ғылым саласы – аударматанудан көптеп кездестіреміз. Сол анықтамаларды келтіру ретіне сай өзіміздің зерттеу жұмысымызда көрініс тапқан аударма мәселелерін нақтылаймыз. Сонымен, қазіргі таңда аударманың алуан түрлі анықтамалары бар. Аударманың өзіндік теориясын беруге ұмтылған әрбір зерттеуші, әдетте, зерттеу объектісіне өзіндік анықтама береді.

Француз аудармашысы және аударма теоретигі Э. Кари аудармаға берілген анықтамалардағы алуантүрлілікті келесідей түсіндіреді: “Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым. Бұл аударманың біздің заманымызда кездесетін түрлерінің көптігінен ғана туындап отырған жоқ. Ол аударманың ғасырлар бойы әрдайым өзгеріп отыруына да байланысты құбылыс. Мүмкін, нақ осы жағдай өзінікінен бұрын берілген анықтамалармен не келісіп, не оны жоққа шығарып отырған ғалымдардың өз ойларын тұжырымдауын қиындататын да болар” [7, 5 б.].

Ғылыми терминнің ұтымдылығы оның бірмағыналығы, бірізділігінде болса, онда, ең алдымен, аударма сөзінің ондай талапқа сай еместігін, яғни көпмағыналы екендігін айта кеткен жөн. Ол, ең аз дегенде, екі ұғымға қатысты: аударма – мәдени-интеллектуалды әрекет, яғни процес ретінде алынған аударма және аударма – сол әрекеттің, сол процестің нәтижесі, әрекет өнімі ретінде алынған аударма, басқаша айтқанда, аудармашы жасаған сөз туындысы ретінде алынған аударма. Аударма жасау нәтижесінде пайда болған жаңа туындыны ғалымдар өзара “транслат” деп те атайды.

Аударматану ғылымындағы беделді авторлардың анықтамаларын келтірейік. А.В. Федоров: “Аудару дегеніміз бір тілдің көмегімен осыдан бұрын басқа тіл арқылы көрсетілген шығарманы анық және толық жеткізу” [8, 10 б.] деп анықтаса, Я.И. Рецкер: “Аудармашының мақсаты – түпнұсқаның стилистикалық және экспрессивті ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа тілдің көмегімен оның мазмұнын біртұтас және нақты жеткізу” [9, 7 б.] деп біледі; ал Ж. Мунэн: “Аударма – тілдер байланысы, билингвизм құбылысы. Бұл – билингвтің кез келген нормадан ауытқуға, интерференцияға саналы түрде қарсы күресетін жағдайы” [7, 7 б.] деп анықтайды. Басқаларды қоя тұрып, аударма теориясымен арнайы айналысып жүрген ғалым-зерттеушілердің анықтамаларын келтіргеннің өзінде сан саққа кеткен ойға куә болдық. Осынау келтірілген немесе одан да басқа көптеген аударма анықтамаларынан қорытындылай келе айтатынымыз: аударма – белгілі бір о бастағы мәтіннің (түпнұсқаның) барлығын басқа тілге түсінікті етіп жеткізу процесінің жүргізілуін алғышарт етіп қоятын әрекет түрі. Ендеше, аударма құбылысын қарастыру барысында түпнұсқа мен көшірме, бастапқы негіз бен кейінгі туынды арақатынасы, олардың эквиваленттілігі туралы мәселелер бой көтереді. Оларға арнайы тоқталатын тараушалардың болуына байланысты осы жазылғанмен шектелеміз.

Біздің зерттеп отырған мәдениеттанулық ғылым аясындағы аударма мәселесі туралы сөз болғанда, ең алдымен, аударманың – қоғамдық-мәдени құбылыс екендігін айта кету керек. Яғни аударма тек қана абстрактілі ойлау қабілеті бар, өзін қоршаған орта туралы көзқарастарын шартты белгілерге айналдыра алатын, сөйтіп, сол белгілердің мән-мағынасы туралы келісімге келе алатын жеке адамдар өмір сүретін қоғамда, сол қоғам туындататын мәдениетте орын алады.

Осы жоғарыда айтылған аударма түсінігінде “аудару дегеніміз түсіну” деген тезиске де өзіндік орын табылады. Сөз бұл жерде бөтен тілден өз тіліңе аударып түсінуде ғана емес, яғни “өзімдікі/өзгенікі” арақатынасында ғана емес, сөз бұл жерде “өзіңдікін өзіңнің түсінуіңде” де болуы мүмкін. Басқаша айтар болсақ, мәселе “ішкі аудармада” деген сөз. Өз тіліңде жазылған мәтінді түсіну процесінің өзі өзге тілден өз тіліңе аудару процесіне пара-пар күшті қажет ететін күрделі процесс. Немесе, бір тілдің өзінің ескі түрінен, не болмаса, диалектісінен сол тілдің қазіргі әдеби күйіне аудару мәселесі де жоғарыдағылар қатарына жатады.

Аудармаға коммуникациялық теория тұрғысынан берілген анықтама Р.К. Миньяр-Белоручевке тиесілі: “Аударма туралы ғылымның нысанасы – екі тілді қолдану арқылы жүзеге асатын жай ғана коммуникация емес, түпнұсқаның аудармашы мен қабылдаушының өзара әрекеттесуін корреляциялайтын қызметтен құралатын коммуникация. Бұл коммуникацияның орталық буыны аудармашының қызметіне барып тіреледі, немесе сөздік әрекеттің ең күрделі түрлерінің бірі болып табылатын аударма осы сөздің толық мағынасындағы аударма болып есептеледі” [10, 25 б.].

Демек, аударма нәтижесінде екі сөз туындысы мен екі қабылдаушы қалыптасады. Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Аударма теориясын ұқсастық туралы, шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады

Біз тілдердің шындықты түрліше бөлшектеп, бірдей құбылыстар мен заттарды олардың алуан түрлі белгілеріне назар аудара отырып, түрліше түзіп, түрліше “дауыс беріп”, өмірді түрлі бояуларда көрсететіндігін білеміз. Алайда, түрлі мәдениет пен алуан түрлі тілдік сана иегерлері мұндай айырмашылықты түсіне білуге де қабілетті. Сондықтан, егер аударманы бір шындықты басқа тілдің көмегімен бейнелеудің құралы ретінде қарастырсақ, онда “аударылмайтын ұғымдар” мәселесі мүлдем туындамай, аударма проблемасы оңай шешілетін болады.

Аударма – құндылықты қайта таныту. Егер кез келген сөз туындысы шындықтың фрагментінің индивид санасы арқылы бейнеленуі болса, онда аударма бейненің бейнесі, көріністің көрінісі болып табылады. Аударма шындықтың тікелей тура өзінің емес, оның Басқаның санасымен сарапталған көрінісі болады, өйткені біз фактінің бейнеленуін емес, факт туралы басқа біреудің ойын аударамыз. Аударма Басқаның ойын қаншалықты анық жеткізе алады және ол қаншалықты қажет, аудармашылық “адалдықтың” шекарасы қайда? Осындай сұрақтар легі аудармамен айналысатын әрбір адам алдында толассыз туындап отырары сөзсіз.

Аударманың анықтамаларынан аудармашы тұлғасын да жалпы түрде бейнелеу мүмкіндігін табамыз. Аудармашы – ең аз дегенде, екі мәдениетке бет бұрған, екіжақты Янус секілді, екі (әлде одан да көп) тілді тұлға. Аудармашылық қызмет қоғамның бүкіл өмірімен байланысын танытып, аударманың өркениет дамуындағы рөлі мен орнын көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірбиені иемдену басқа тілдердегі әлемді басқаша тұжырымдау, көруден, басқаша дүниетаным тәжірбиесінен, әлемді басқаша тану жолдарынан көрініс береді.

Осы ізденіс жұмысында аударманы мәдениеттанулық мәселе етіп жаңа бір қырынан қарастыруды көздеп отырғанымыз белгілі. Бірақ сол ізденіс барысында аударманы арнайы зерттеу пәні қылатын аударматанудан біржола қара үзіп кетуге де болмайды, өйткені ол ғылым саласының аудармаға енді ғана пәнаралық аймақ ретінде “ауыз сала бастаған” мәдениеттанудан гөрі жинақтаған мағлұматтары да, әдіс-тәсілдемелері де жетерлік. Жалпы, аударманы, оны арнайы зерттейтін ғылыми пәндерге қатысты жазған авторлардың анықтамаларын тұжырымдай келе, аударманың мәдениеттанулық мәселе екендігін мойындауға, сөйтіп, аудармаға жаңа бір мәдениеттанулық анықтама беруге әбден болатын сияқты.

Аударма теориясы аударма тәжірибесі, практикасымен тығыз байланыста дамыған дүние. Тағы бір ескеретін нәрсе – аударма теориясында аударуға даярланған түпнұсқа мәтін тілін – түпнұсқа тілі (ТТ) дейді, ал аударма жасалып отырған тілді – аударма тілі (АТ) дейді. Осындай керекті деп табылған мағлұматтардан соң енді тікелей аударма теориясының бастамасын сол кәрі тарих қойнауынан мәтін қазбалай отырып табуға болады екен. Аударма тарихы сонау көнегөз қария Цицероннан бастап осы замандағы аударма теоретиктеріне дейін ешкімді ұмыт қалдырған жоқ. Бірақ біз монография көлемін ескере отырып, ең маңызды-маңызды деген тұлғаларға, олардың аударма туралы айтқан, жазған пікірлеріне тоқталамыз.

Римнің ұлы шешен ділмары – Марк Тулий Цицерон (б.д.ғ.106-43) Эсхил мен Демосфен сөздерінің аудармасына берген алғысөзінде өзін ұлы шешен-жазушының қарапайым аудармашысына теңейді. Бұл салыстыруымен ол Рим қоғамының аудармашы мамандығына қалай қарайтындығын танытты. Өйткені біз Цицерон трактаттарынан аударма, аудармашы, аудармашылық қызмет туралы кейбір теориялық ой түйіндерді кездестіреміз. Сондай-ақ, Цицерон еңбектерінен біз ең алғаш рет аударма теориясы категориясының оппозициясын, ал нақтырақ айтсақ, еркін аударманың сөзбе-сөз аудармаға қарама-қарсы қойылғанын анықтаймыз.

Әулие Иероним деген атпен аударма тарихында Көне Өсиет мәтінін латын тіліне аударып, “Вульгатаны” даярлауымен өзіндік орын алған ғұламаның әдеби мұрасының ішіндегі бізге жеткені – «Паммахиге хат» деп аталады әрі ол Иеронимнің аудармашылық кредосын анықтайтын құжат болып табылады. «Аударудың ең жақсы тәсілі туралы Паммахиге хат» [11] мәтініне көңіл аударсақ, оны біз риторика және аударма теориясы туралы арнайы трактат дей алмаспыз, бірақ ол аудармаға қатысты кейбір қағидаларды тұжырымдауымен, антикалық авторлардың беделін және өзінің жеке аудармашылық тәжірибесін арқау ете отырып, аударманың кейбір заңдылықтарын анықтауға күш салғандығымен қызықты. Сол себепті бұл құжат аудармашылық ой тарихындағы күрделі еңбек деп танылған.

Бұл сәлемдемені жазуға не себеп болды десек, кезінде Иеронимге аударма жасау барысында түпнұсқа мазмұнын өзгерттің деген айып тағылса керек. Хатында Иероним өзінің әдейілеп ештемені бұрмаламағандығын айтады әрі аударманың негізгі принципі сөзбе-сөздіктен аулақ болып, жеке дара сөздердің мағынасын беру емес, ойды жеткізу екендігін түсіндіреді. Ол аударма жасауда кейбір нәрселерді түгел жеткізу мүмкін еместігін түсінді және бұл түпнұсқа формасына келетін зиян болғанмен, мазмұнға зиян келтірмейтіндігін білді. Сонымен бірге, аударылатын мәтін бастапқы тілдің нормасына емес, аударылатын тілдің нормаларына сәйкес келуі қажет деп білді Иероним ақсақал.

Француз Қайта Өрлеуінің өкілі, жазушы, аудармашы, типограф Этьен Доле (1509—1546) есімі елге танымал. Оның атын атамай өткен бір де бір аударма туралы ғылыми жұмысты таппайсың. “Француздың ұлы аудармашылары” деген мақаласында Е. Эткинд: “Франциядағы аударма тарихы трагедиядан басталады”, – дейді [12, 467 б.]. Мұнда ол Этьен Доленің инквизиция қолынан қаза тапқандығын меңзеп тұр. Доле 1546 жылы Парижде 37 жасында отқа өртеліп өлтірілді. Инквизицияның мұндай шешім шығаруына Платонның диалогтарын аудару барысында (”Антиохты”) Доленің бір ғана “rien du tout”, яғни “тіпті”, “мүлде” деген сөзді қосып жіберуі себеп болды.

Э. Доленің “Бір тілден екіншісіне жақсы аудару тәсілі туралы” деген трактаты 1540 жылы жарияланған еді [13]. Ол трактат Еуропадағы толығымен аударма мәселесіне арналған назариялық шығарманың алғашқысы болып табылады. Оны кейде мамандар “аудармашылардың тұңғыш хартиясы” деп те атайды. Доле француз тіліне “traducteur” (тәржімашы) және “traductіоn” (аударма) деген сөздерді енгізген адам болып есептеледі. Оның алдында француз тілінде аударма түсінігін латын тілінен еніп, сәл-пәл түрін өзгерткен ”translater”, аса нақтылық танытпайтын “tourner”, “mettre” (”бетін аудару”, “қайтара айту”) деген ұғымдар арқылы білдіріп жүрген болатын.

Аудармашылық қызметтің аударатын тілге әсер ету сипаты жазулы тарихтағы екі мың жыл ішінде бірнеше мәрте талқыланды. Осы төңіректегі қызу дау-дамайлар, әсіресе, қандай да бір тілдің «сын сәтте» қалған кезінде, яғни қайсыбір қоғам өз тілінің көркемдік мүмкіндіктерін мойындату қажеттігін сезінген кезінде орын алып отыратын. Мысалы, бәрімізге белгілі, Ресейде Петр патша жүргізген реформалармен қатар тілдік кірме сөздер – неологизмдер қаптап кетті. Дәп сол кезде орыс тілін өзге бөтен формалардан тазарту әрекеттерімен М.В. Ломоносов, В.К. Тредяковский, А.П. Сумароков және т.б. белсенді түрде айналыса бастайды. Ресейлік ғылымдағы «шишковистер» мен «карамзинистер» арасындағы қызу пікірталастардан тілдің болашағына, оның көркемдік әлеуетіне және тілді жетілдіру жолдарына көзқарастың әр түрлі болғандығын көруге болады.

Ондай процестер қай тілде болсын кезігіп отырады. Мысалы түрік тілін тазарту жайлы айтқан Зия Көкалып болсын [14], қазақ тілінің мұң-мұқтажын жоқтаған М. Дулатов [15], А. Байтұрсынов [16] және т.б. ана тілдерінің ақпараттық-экономикалық басымдылық танытқан мәдениеттің шылауында кетпеуін көздеп, тілдегі кірме сөздермен шұбарлану сынды үрдістерге тойтарыс боларлық механизмдер іздегенін жақсы білеміз.

Осы мағыналас көзқарастарды тағы да мысалдап келтірер болсақ, онда Франциядағы «Плеяда» (1556) атты әдеби мектеп төңірегінде бас біріктірген жас ақындар аударма ісі француз әдебиетінің дамуын тежеді деген қағиданы ұстанғандығын айта аламыз. Ал 1549 жылы «Плеяданың» ақын-теоретигі Жоашен Дю Белленің (1522—1560) «Француз тілін қорғау және даңқын шығару» деген трактаты жарық көрді [17]. Аударма теориясы мен тарихы үшін Дю Белленің трактаты үлкен қызығушылық туғызды. Онда автордың XVI ғасырда бірқатар француз гуманистерінің аудармашылық қызметке деген қарым-қатынасын тереңірек түсінуге және аударманың шынайы өмірде аударатын тілдің дамуын тежейтіндігі немесе оны дамытуға дем беретіндігі туралы айтқан ойларын білуге болады.

Аударма тарихында Дю Белленің есімі «аудармашылық скептицизм», яғни аударма мүмкіндіктеріне күмән келтіретіндігімен белгілі болған. Осыған орай А.В. Феодоров былай дейді: «Егер орта ғасырларда аудармашылар өз қызметінің нәтижелілігіне еш күмән келтірмесе, Қайта Өрлеу дәуірінен бастап, ондай күмәндану пайда бола бастайды. Рас, басында ол тек поэзияға қатысты туындаған болатын» [8, 26 б.].

Дю Белленің трактаты бүгінгі таңда, Ж. Мунэннің айтуы бойынша, аудармаға қарсы барлық аргументтердің антологиясы болып табылады. Трактаттың авторы аударма проблемасын оған дейін сараптаған ежелгі заман әдебиетшілерінің еңбектерімен жақсы таныстығын білдіреді. Дю Белленің “аудармашылық скептицизмінің” уәж-аргументациялары неде екендігін анықтап көрейік. Біріншіден, Дю Белленің кез-келген аудармаға қарсы еместігін атап өту қажет. Ол да, Данте сияқты, поэтикалық шығармаларды толық аударып жеткізу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Бірақ оның трактатының пафосы ұлттық тілді дамыту жолындағы аудармаға берілетін рөлге байланысты. Дю Белле трактатының ең басты мақсаты – француз тілін қорғау мен оның даңқын аспандату. Сондықтан, аударма мәселесі де француз тілінің даму проблемасы тұрғысынан қарастырылады.

Дю Белленің пікірін саралай отырып, біз мына бір тарихи оқиғаны ескеруіміз қажет: Францияда XVI ғасырдың І-жартысында классикалық тілдерді білмейтін, бірақ классикалық әдебиет шедеврларымен танысқысы келетін оқырман қауымы қалыптасты. Нәтижесінде аударма әдебиетке деген сұраныс артты. Сол мезетті пайдаланып білімі таяз әрі қай кезде болмасын өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарай бермейтін аудармашылар пайда болды. Мұндай құбылыстың мәдениет тарихында кездесуі бір бұл емес. Бұған дәлел ретінде кеңес одағында «темір тор» құлағаннан кейін қаптап кеткен аударма әдебиеттің қандай сапада болғандығын ескерсек те жеткілікті, тіпті, шындығына келсек, қазіргі өзіміздің жасап жүрген аудармалар арасында да кемшіліктер аз деп айта алмаспыз.

Дю Белленің пікірінше, аудармашы қызметінің ең маңызды сипаты – адалдық, яғни түпнұсқа мәтіні мен авторға деген адалдық. Дю Белле аудармашылық еңбектің пайдасы туралы айтқанда мынандай тіркестерді көп қолданады: «адал аудармашы», «дәл аудармашылар шеберлігі» және т.б. [17, 242-249 бб.]. Ал сәтсіз аударма жасаған тәржімашыларды Дю Белле опасыздар дейді, өйткені олар аударатын шығарманың да, аударылған автордың да даңқын аяқ асты етіп, байыбына бара қоймаған оқырмандарға ақтың орнына қараны ұсынып, алдайды деп түсінеді. Дю Белле оларға қатысты итальян тілінен алынған белгілі – “traduttore – traditore” (”аудармашы – сатқын”) деген өткір тіркесті пайдаланады. XVI ғасырдағы француз тілінде “traditeure” сөзі опасыз деген мағынада қолданылған.

Шындығында, түпнұсқаға адалдық – аударманың басты қасиеті. Аудармада дәлдікті талап ету заңды құбылыс. Мәселе Дю Белленің дәлдік деп нені түсінгендігінде болып тұр. Оның аударма дәлдігі дегенінің не екендігін түсіну үшін француз аудармашысының нені мүлдем аударылмайтын нәрсе деп түсінгендігін де білуіміз керек.

Дю Белле үшін сөз таңдау – ең ауыр да жауапты іс. Соған байланысты Дю Белле аудармашыға қойылатын алғашқы талап – оның жалпы қолданыста орныққан қарапайым да кең тараған сөздерді пайдалануы керек деп біледі. Бұл позицияда Дю Белле неміс аудармашы-реформаторы Мартин Лютерге жақын тұр. Сонымен, сөз таңдаудағы бірінші талап өз тіліңдегі жалпы қолданыстағы лексиканы пайдалануға талпынуды аңғартады. Екінші талап көркемдік тәсілдер, метафора, аллегория, теңеу, салыстыруларға қатысты. Олар жалпы лексикадан гөрі нақты бір халықтың мәдениеті, тарихымен тікелей байланысты. Көбінде, олар аударма арқылы басқа мәдениетке тап болғанда өз көркемдігін жоғалтып алады немесе мүлдем түсініксіз болып қала береді.

Дю Белле үшін тілдік шығарма формасын сол қалпында аудармада беру қиын, өйткені ол әрбір тілдің тек өзіне ғана тән қасиеттерінің болуына байланысты. Тілдің өзіне тән ерекшелігі аудармаға қойылатын басты талапқа – автор қойған шектен шықпауға – қарама-қарсы. Дәл осы шешілуі қиын қарама-қайшылық Дю Белленің аудармаға деген скептицизміне негіз болды. Ал мағынаға қатысты онда ешқандай күмән тумаса керек. Цицерон мен Иероним еңбектерінен бастау алатын аудармадағы мағынаны мағынамен беру дәстүрін Дю Белле адал аудармашыларға міндетті нәрсе ретінде қабылдаған.


XII ғасырдағы жас ақынның мұндай пікірлері көкейкестілігімен таң қалдырады. Шындығында, семиологтар мен әдебиетшілердің және өзге де теоретиктердің көзқарасы бойынша, мәтін дегеніміз ашық жүйе, ол оқырмандардың қолына тиген сәтте автормен байланысын толық үзетін көрінеді. Оқырман автор көрген нәрсені емес, тек өзіне керек жерін ғана көре біледі. Аудармашы да, қарапайым оқырман да өзінің когнитивті тәжірибесіне, өзінің тезаурусына сүйене отырып, түпнұсқа мәтінін ұғынуы мүмкін.

Аудармашы өз қызметі барысында түпнұсқа мәтінінен алған әсерін ғана басшылыққа алумен шектелмеуі тиіс. Оның мәтінді қарастыруы терең эстетикалық, философиялық, лингвистикалық, мәдениеттанымдық, тарихи сындарлылықты талап етеді. Түпнұсқаны аудармашының оқуы – шынайы герменевтикалық іс-әрекет. Мәтіннен «шынайы рахатты» [18] аудармашы сол мәтінді толығымен өзі үшін шешкенде, онда жатқан терең ойларды түсінгенде немесе соған жақындағанын сезінгенде ғана алса керек. Осыдан кейін аудармашылық еңбектің екінші кезеңі – мәтінді аударма тілінде қайта сөйлету кезеңі келеді.

Дю Белле тілді байытудың көзі – басқа ұлт сөздерін орынды-орынсыз кіргізуде емес, өзің аударып отырған тілдің стиліне еліктей отырып, латындықтар сияқты, сөзжасамдық әрекет етуде деп біледі. Сонымен, еліктеу – тіларалық, мәдениетаралық қызметтің ерекше түрі ретінде алынады.

Тілдегі еліктеу мәселесі еркін және сөзбе-сөз аударма мен интерпретация жайлы тақырыпты тағы да алдымызға тартты. Дю Белле еліктеу арқылы ұлттық тілді байытудың мүмкін екендігін көреді. Ол еліктеудің арқасында латын тілі көркемдігі жағынан грек тілімен бір деңгейге жетті деп есептейді. Енді дәп сол жолмен француз тілін де әлемдік деңгейге көтеруге болады деп үміт артады. Ол өзінің бұдан төрт ғасыр бұрын жазылған еңбегінде көріпкелдікпен француз тілі грек, латын тілдерінің деңгейіне жететіндігіне сенім білдірген. Не айтатыны бар, расында да солай болып шықты дейміз.

Шындығында, біраз уақыт өткеннен кейін француз тілі де бүкіл Еуропаға тараған тілге айналып, Дю Белленің трактаты тек Францияда ғана емес, бүкіл Еуропадағы әдебиеттің даму жолын екі мың жылдыққа анықтап берді. Ал соңғы кезде философияның “сәндік үлгісі”, киімдегі сән үлгісіндей, сол Францияда, француз тілінде “пішілетіндігін” еске алсақ, онда, әрине, Дю Белле үшін де, Франция үшін де, әсіресе, француз тілі үшін де қуанатынымыз белгілі.

XVI ғасырдың екінші жартысында француз әдеби тілі латын тілін қоғамдық өмірдің түрлі аймақтарынан ығыстыра бастады. Француз тілінде прозалық жанрда тарих, география, философия және өзге де ғылыми еңбектер жазылды. Өз тілінде оқуға мүмкіндік алған жаңа француз оқырманының ғылыми білімге деген қызығушылығы классикалық және сол замандағы тілдерден ғылыми еңбектер аудармаларын жасау сұранысын туғызды. Сол дәуірдегі қарқынды дамып келе жатқан аудармашылық қызметте Жак Амионың (1514—1598) орны ерекше болған.

Амионы XVI ғасырда «аудармашылардың ханзадасы» деп атаған екен. Ол өзінің аудармашылар арасындағы беделіне Плутархтың «Салыстырмалы өмір сипаттамалары» атты еңбегін тәржімалау барысында ие болыпты. Аталған аударма 1559 жылы жарыққа шыққан еді. Амионың сөз саптауы қарапайымдылығымен, табиғилығымен таң қалдырады. Оның тамаша аудармаларының болуы өз алдына да, француз тілін жетілдіруге қосқан үлесі – өз алдына. Амионың француз тілін дамыту жолындағы рөлін зерттеушілер Германиядағы М. Лютердің рөлімен салыстырады. Амионың замандасы, атақты жазушы, моралист-философ Мишель Эйкем де Монтень ол туралы былай деген екен: “Барлық француз жазушыларының ішінен мен Жак Амионы бірінші орынға қояр едім… Соның шығармашылық еңбегінің арқасында ғана қазірде біздер французша сөйлеуге, французша жазуға тырысамыз…” [19, 319 б.].

Жоғарыда үстірт атап өткеніміздей, неміс гуманисті Мартин Лютер (1483—1546) қазіргі неміс тілінің негізін қалаған болатын. Неміс тілінің тарихшылары латын тілінің қалыптасуына Цицеронның ықпалы қандай болса, неміс тілінің қалыптасуы мен дамуында Лютердің де алатын орны дәл сондай жоғары деп ерекше атап көрсетеді. Филолог Лютер үшін Інжілді неміс тіліне аудару оның өмірінің мәні әрі негізгі мақсаты болды.

1522 ж. Виттенберг қаласында Жаңа өсиеттің неміс тіліне Лютер даярлаған аудармасы жарық көреді. Аудармаға бар болғаны 3-ақ ай ғана уақыт кетіпті. Ақиқатына келсек, аудармамен Лютер жалғыз өзі айналысқан жоқ. Ол үшін Виттенбергте арнайы аудармашылар тобы құрылды. Солардың барлығына бас-көз болған Лютер еді. Інжіл мәтіндерін түсіндіруде М. Лютерге оның досы және ізбасары Меланхтон және басқа да білімдарлар, латын, көнееврей, грек тілдерін жетік білетін мамандар көмектесті.

М. Лютердің өз ұлтының мәдениетіне сіңірген еңбегі Інжілді неміс тіліне толықтай аударғанында ғана тұрған жоқ. Ол бұл жұмысқа кіріскен кезде неміс тілінде Інжіл аудармаларының біршама нұсқалары жарық көріп үлгерген де еді. Мысалы, Иоган Ментельдің жасаған аудармасын айтуға болады [20, 169]. Сондықтан Лютердің аударма еңбегіне берілетін баға оның аудармасының өзіне емес, оның жазу стиліне берілген баға деп ұғу керек.

М. Лютердің аударма стратегиясы да осы концепция негізінде құрылады. Біріншіден, аударма мәтінін түпнұсқа мәтініне сай мағыналы, нақты және дәл беру керек. Екіншіден, оны әрбір адамға түсінікті ету қажет. М. Лютер сөз саптау барысында қарапайым адамдардың күнделікті қолданатын тіліндегі сөздерге жүгінеді. Ол өзінің аудару әдісін былай деп түсіндіреді: “Латын тілінің әріптерінен бұл немісше қалай айтылады деп сұраудың берері шамалы, керісінше, неміс отбасындағы ананың, көшедегі баланың, базардағы қарапайым адамдардың қалай сөйлейтініне қарап, соған сәйкес аудару қажет”, – дейді [21, 150 б.].

М. Лютердің басшылығымен жасалған Інжіл аудармасы тек Германияда ғана емес, бүкіл Еуропа аударма тәжірбиесінің дамуындағы әлемдік шедеврлердің бірі болып табылады. Кейінгі неміс тіліндегі Інжіл аудармалары Лютердің нұсқаларына сүйене отырып, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, бүгінгі неміс тіліне, қазіргі ғылыми білімге сәйкестендірілді.

М. Лютер жасаған Інжіл аудармасы жалпынемістік ұлттық тілдің негізін қалады және жоғары дәрежелі әдеби жәдігерге айналды. Ол барлық ұлтқа ортақ неміс тілін жасауға тырысуы арқылы ұлтына орасан зор лингвистикалық қызмет көрсетті, яғни орфография нормаларын, фонетикалық транскрипция, грамматикалық формаларды реттеді. Лютерлік Інжіл жарық көрген соң неміс тілі ғылыми қарым-қатынас пен әдебиет тілі ретінде латын тілін басып озды.

Аударманың түрлі оқиғаларға бай тарихы бар екендігін жоққа шығару мүмкін емес. Аударманың тарихи дамуын тізбектеп болсын, топтап болсын көрсетіп беруге болады. Мысалы, “Бабылдан кейін” (“После Вавилона”) кітабының авторы Дж. Стейнер [22] өз еңбегінде соған талпыныс жасайды.

Дж. Стейнер аударма тарихын төрт негізгі кезеңге бөлген еді:

1) 1791 жылға дейін – аудармашылардың өздерінің эмпирикалық ойтұжырымдарын жасау кезеңі;

2) 1946 жыл – аударма теориясының пайда болып, аударматанудың терминологиясы мен методологиясының қалыптасу кезеңі;

3) ХХ ғ. 40-шы жылдары – құрылымдық лингвистика, коммуникация теориясының пайда болу кезеңі;

4) Қазіргі пәнаралық зерттеулер кезеңі.

Стейнер ұсынған кезеңдеме аударма туралы ізденіс жүргізушілерге аса қызық. Өйткені Стейнер әу бастан-ақ назарын аудармаға қатысты оқиғаларға салады. Стейнердің кезеңдемесі аударманың нақ өзінің құбылыстарын (нені, кім, қашан аударды дегенді) ғана емес, аудармаға деген теориялық көзқарастың өрбуін да тілге тиек етеді. Сонымен, Стейнер аударма тарихының төрт кезеңін бөліп көрсетті.

Бірінші кезең Цицеронның Эсхил мен Демосфен сияқты грек шешен-риторларының сөздерін, Горацийдің “Поэзия өнері” (“Поэтическое искусство”) секілді туындыларын қалайша аударғандығы, нақтырақ айтсақ, қалай аудармағандығы туралы толғауларынан басталып ХІХ ғ. басындағы неміс ақыны Фридрих Гельдерлиннің Софоклды аударғандағы (1804) түсініктемелерімен аяқталады. Бұл кезеңдегі аудармашылық тәжірбие болашақтағы талдау мен кейбір тұжырымдар үшін қажет материал болса керек. Стейнер осы ұзақ тарихи кезең (18 ғасыр бойы!) барысында аударма тарихында жарқын оқиғалар болғандығына қарамастан, оны айқын эмпиристік кезең деп сипаттайды.

Екінші кезеңді Стейнер аудармашылық теория мен герменевтикалық ізденістер сатысы деп атайды. Оның басталуын Стейнер 1792 ж. Лондонда жарық көрген аударманың принциптері жөніндегі жазбалардың авторы Александр Фрейзер Тайтлердің [23] есімімен және Фридрих Шлейермахердің есімімен байланыстырады. Бұл кезде аударманың табиғаты туралы сұрақ сана мен тілдің өзара қатынасы туралы сұрақ төңірегіне ығысып, кең ауқымды теориялар қарастырыла бастайды. Бұл – аударманың мәні мен оның философиялық-поэтикалық теориясының құрылу кезеңі. Аталған кезең, Стейнердің пікірі бойынша, қатаң ғылымилықтан алшақ тұрған француз аудармашысы және жазушы Валери Ларбоның 1946 ж. “Әулие Иероним желеп-жебеумен” (“Под покровительством святого Иеронима”) атты еңбегінің шығуымен аяқталады.

Үшінші кезең ХХ ғ. 40-шы жж. машиналық аударма теориясы туралы алғашқы мақалалардың шығуымен басталады. Бұл кезеңнін бастауын Стейнер формализм идеясын мұра етіп, аударманы зерттеуге лингвистикалық теория мен статистикалық әдістерді қолдануға тырысқан орыс және чех ғалымдарының есімдерімен байланыстырады. Бұл кезеңде ресми логика мен тілдік трансформация модельдері арасында сәйкестік орнату талпыныстары жасалады. Осы бір уақыт аралығында кәсіби аудармашылар өз ұйымдарын құрып, өз журналдарын шығара бастайды. Стейнердің пікірі бойынша, бұл кезең белгілі бір дәрежеде әлі күнге дейін жалғасуда. Алайда, 60-жылдардың басынан аударма теориясы саласындағы ізденістердің бағыты басқа жаққа бұрылып, жаңа, төртінші кезең басталады.

Төртінші кезеңнің басталуын Стейнер Вальтер Беньяминнің 1923 ж. шыққан Ш. Бодлер аудармасына алғы сөз болып табылатын аударма туралы мақаласының және сонымен қатар, Мартин Хайдеггер, Ханс-Георг Гадамердің экзистенциалистік идеяларының кең таралуымен байланыстырады. Жаңа бағытты ол герменевтикалық бағыт деп атайды әрі дәл осы кезеңде аударма саласында метафизикалық ізденістерге жол ашылды деп біледі. Стейнердің пікірінше, аталған кезеңде аударма мәселесі лингвистердің өзара айқасу алаңына айналған. Сонымен қатар, дәл осы кезеңде аударма теориясы лингвистика шекарасынан шығып, антропология, психология, социологияның, сонымен бірге, мәдениеттану, этнолигвистика мен социолингвистика секілді пәнаралық ғылымдардың зерттеу нысанасын құрайды.

Стейнер кезеңдемесінің қисынына сай, соңғы сатыға қатысты аударманың кәсіби теорияларына қысқаша шолу бізді, жалпы, аударма туралы теориялық көзқарастарды келтіру тұрғысынан қызықтырып отырғандықтан, белгілі бір хронологиялық ретті әлде мазмұндық жүйелі байланысты қатаң сақтамауы да мүмкін. Дегенмен, осы тараушада әлемдік ғылымдағы аударматану саласында қажырлы еңбек етіп, даулы тақырыптар төңірегінде жоғары деңгейлі жарияланымдар даярлаған авторлардың көбі кезігеді деп ойлаймыз. Шолу барысында негізінен аудармаға қатысты іргелі еңбектер (монографиялар, ізденістер) мен маңызды-маңызды деген мақалалар қарастырылады әрі шолу барысында, көбінде, аударма мәселесін көп зерттеген елдер алынған.

Ж. Мунэн – танымал француз тілтанушысы. Оның “Аударманың теориялық мәселелері” деген (1963 ж.) іргелі еңбегі, 1965 жылғы жарық көрген “Аударманың тарихы мен теориясы” деген кітабы аударматануда аса маңызды, ықпалды шығармалар болып табылады.

Ж. Мунэн жоғары ғылыми-теориялық деңгейде тіл туралы заманауи тұжырымдамаларға тоқтала келе, олардың аударма мүмкіндігін жоққа шығаратындығын баяндайды. Аудармаға тосқауыл болатын мәселелерді ол үш топқа біріктіреді:

1. Тілдік белгілердің семантикасының өзіндік ерекшелігінің бар екендігіне байланысты мәселелер.

2. Тілден тысқары шындықты көрсетудегі тіл құрайтын “әлем картиналарының” бір-біріне сәйкес келмейтіндігіне қатысты мәселелер.

3. Түрлі тіл иегерлерінің мәдениеті мен өркениетінде кездесетін нақты айырмашылықтардың болуынан туындап жатқан мәселелер.

Аударманың қиындықтары экология ерекшеліктеріне, материалдық мәдениеттің айырмашылықтарына, діни және лингвистикалық өзгешеліктерге барып тіреледі дейді Ж. Мунэн. Осы ғалымның айтқан ойларының аударманың мәдениеттанулық концепциясын қалыптастыруға қосары көп. Өйткені Ж. Мунэн аударманы тек қана тілдік эквивалент іздеу айла-шарғысынан жоғарылатып, тәржімалау барысында мәдениеттердің өзара кірігу, түсінісу-түсініспеу процесі жүріп отыратындығын топшылайды. Расында, өмірі қар түспеген Африка континентінің тұрғынына оның әсемдігін қалай жеткізерсің, тропикалық ну орман ішінен шыққан жанға құлазыған шөл даланы түсіндіру де қиын болар. Ал діни рәсімдер мен бұрын көріп-білмеген салт-дәстүрлер мәнін қалай жеткізуге болады? Эскимостардың біршама қар атауларының барлығын, қазақтардың жылқыны сипаттайтын рең түрлерінің нәзік айырмашылығын басқаларға қалай танытарсың?

Ж. Мунэн өз еңбектерінде “аударылатын/аударылмайтын” деген ұғымдардың салыстырмалылық сипатына да назар аударады. Ол аудармаға қатысты айтылған ойлардың оңын да, терісін де қарастыра келе, аударманың көмегімен өтетін коммуникацияның абсолютті түрде, толығымен жүзеге аса алмайтындығы туралы айтады. Дегенмен, ақыр аяғында ол қашанда мүмкін коммуникация түрі екендігі туралы қорытындыға келеді [24, 206-208 бб.].

Юджин Альберти Найда – әйгілі американ лингвисті. Ол аударма мәселелерімен өзінің американдық Інжілдік қоғам өкілі ретіндегі көпжылдық қызметінің нәтижесінде айналысқан болатын. Өйткені аталған қоғам Інжілді әлемнің 75 елінің 200-дей тіліне аударған көрінеді. Ол 1964 жылы «Аудару ғылымына қатысты» деген кітабын басып шығарды. Ол кітап Інжілді аудару мәселелеріне арналса да, көбінде, қазіргі аударма теориясының іргелі сұрақтарына тоқталуымен танымал кітап.

Ю. Найда аударма барысында түпнұсқаның коммуникативті әсерін жеткізу мәселесіне басты назар аудару керек деп біледі. Өз мақсатына жету үшін аудармашы өзінің тәржімасының оқырманының ерекшеліктерін үнемі есте ұстауы тиіс деп біледі ол. Сондықтан да Ю. Найда өзінің аудармашылық концепциясының орталық ұғымы ретінде «рецептор реакциясы» деген ұғымды алады. Дәл «реакция» аударманың сапасының бағалануының өлшемі болуы тиіс деп біледі. Аударма сапасы оны түпнұсқамен салыстыруда жатқан жоқ, оны қабылдаушы рецепторлардың алар әсерінде жатыр деп біледі. Аударма түпнұсқа мәтінін толықтай коммуникативті мәтінмен алмастыра білуі тиіс. “Аударма дәл аударма ма?” деген сұрақ іле-шала “Кім үшін дәл аударма?” деген сұрақты ала жүрсе керек.

Өзінің аудармашылық мектебі бар Ю. Найда солармен біріге отырып, аударманың мәдени-этникалық аспектілеріне бар күшті салады. Демек, мәселе қабылдаушы тіл өкілінің аударма мәтінін жатсынбауында болып тұр. Ендеше, ол үшін аударма мәтіні мүмкіндігінше қабылдаушы рецептордың мәдени-этникалық ерекшеліктерін, табиғи ландшафтының айырмашылықтарын ескеруі тиіс дейді. Демек, мәтінді аударма барысында мәдени бейімдеуге, адаптациялауға тура келеді дейді.

Егер Христос өзін “ Мен – өмір нанымын” (”Я – хлеб жизни”) деп атаса, нанды жүгері күлше ретінде ғана қабылдайтын мексикандық индеецтер үшін оны “Мен – өмір күлшесімін” деп аударған жөн. Егер Рецептор ешқашан қасқыр көрмесе, бірақ койотпен күнде кездесіп жүрсе, әрине, оған қасқыр дегенді койотпен алмастыру керек дейді. Рас, 1976 жылы шыққан шығармаларында Ю. Найда осында келтіріліп өткен ойларына біраз өзгерістер енгізгенін де айта кеткен жөн шығар. Өйткені оның талаптары мәтіннің жазылған, құрастырылған жерінің өзіндік ерекшелігін жұрдай етіп жіберер еді. Кейініректе Ю. Найда мәдени бұйымтайлардың (реалийлердің) орнын қабылдаушы мәдениеттегі соған ұқсас келетінімен ауыстырғаннан гөрі, оларды қосымша сілтемелер, түсініктемелер беру арқылы нақтылауға көп мән бере бастады [25].

С. Басснетт-Макгайр “Аудармашылық ізденістер” деген кітабында өзінің аудармашылық ізденістерінің аударма тарихына байланысты бірінші тарауында кезінде Дж. Стейнер берген кезеңдеме тарихи ізденістерге қойылатын талапқа толық сай емес деп таниды. Аударма тарихын кезең-кезеңге бөліп қарамай, қалыптасқан аудармашылық мектептердің бағыттарына сай қарастыру керек деп біледі.

С. Басснетт-Макгайр болса өзінің берген кезеңдемесінде мынадай тарихи үрдістерге тоқталады:

Көне Римдегі грекиялық түпнұсқаға қол жеткізу үшін жасалған “еркін аударма” және соған сай өз тіліңде шығарма тудыруға талпыну. Ал Інжіл аудармашылары, керісінше, сөзбе-сөз аудармаға ден қойған болатын. Өйткені орта ғасырларда сәл өзгерген сөз үшін шіркеу “ересь” деген жала жауып, аудармашының басы кетер еді.

Жаңа еуропалық тілдердің пайда болуымен байланысты үрдістер. Ол кезеңнің аудармаларында көптеген кірме сөздерге ден қою, еліктеу пайда болып, аудармашылар шетелдік сөздерді өз тілдерін байыту жолы ретінде қарастырған болатын. Классикалық тілдер мен сол тілде жазылған шығармаларды ұлттық тілдерді нығайту үшін пайдалану барысы аудармадағы еркіндіктерге жол берген. Аудармашы өзін орталық дәнекер буын ретінде емес, мәдениет қайраткері ретінде, революционер ретінде сезініп, өзінің қызметін ел-жұртына, заманына қажет деп шабыттанған. Соның буымен аудармашылардың біраз еркінсіп, түпнұсқада болмаған дүниелерді мәтінге араластырып жіберетін кездері де болған. Мысалы, ХҮІІІ ғ. Францияда “түзетуші аударма” деген құбылыс кең етек алған болатын. Олар аударылған дүниені француздардың нәзік “жоғары талғам” талаптарына сай ету үшін “көркемдеп, безендіре өңдейтін-міс”.

Келесі бір үрдістерді С. Басснетт-Макгайр “романтизм” және “постромантизм” деп атайды. Бұл концепциялардың өкілдері – Шлегель, Шелли, Шлейермахер, Карнейл, Морристер аударманың халықтың мәдениеті мен әдебиетін дамытудағы рөлін баса айтып, аударылған тілдің өзіндік “өңін” (“шармын”) сақтау керектігін қолдаған.

С. Басснетт-Макгайр тарихи шолулармен бірге аудармашы тұлғасының да өзіндік орнына басты назар аударып, оның бір мезетте, бір тұлғада бірнешеме рөл атқаратындығын тұжырымдайды. Мысалы, аудармашы мәтінмен жұмыс істеп, оны аударып қоюшы ғана емес, “аудармашы – ең алғашқы оқырман” деген анықтама береді [26].

А. Нойберт – неміс лингвисті – аударма теориясындағы прагматиканы аударманың маңызды аспекті ретінде алып қарастырады. 1968 ж. жазылған “Аударманың прагматикалық аспектілері” деген кітабында ол адекватты аударма түпнұсқаның прагматикасын сақтай білуі керек дейді.

Прагматика ұғымын Альберт Нойберт кең ауқымда талқылайды. Бәріміз білетініміздей, прагматика – тілді пайдаланушылардың тілдік белгіге деген қатынасы. Ал Нойберт прагматика айтушының айту форматын таңдауының тыңдаушыға тигізер әсерін зерттейді деп есептейді. Сонымен, прагматика өзіне стилистиканы қосып алады да өзін жүзеге асыртып отырған грамматика мен семантикаға қарсы қойылады. Бұндай түсініктемеде аударманың мақсаты – түпнұсқаның прагматикалық қалдырар әсерін сақтау. Себебі аударманың грамматикасы мен семантикасы аударылған тілдікі болмақ, ал қалатыны – прагматика. А. Нойберттің айтуынша, аударылу мәселесін мәселе ететін де осы прагматика болса керек. Нойберттің осы көзқарасы – қазіргі аударматануда кеңінен танымал көзқарас.

А. Нойберттің “Мәтін және аударма” (1985) деген монографиясы мәтін категориясын аударма мәселесімен байланыстыра қарастырады. Жалпы, А. Нойберт кез келген коммуникация мәтіндер арқылы жүзеге асады деп есептейді. Кез келген мәтін құрылымдық-семантикалық біртұтастық ретінде тіршілік етеді. Мәтіннің жалпылама біртұтас құрылымы макроқұрылымдар қатарынан тұрады. Ал олар, өз кезегінде, көптеген микроқұрылымдардан жинақталады. Мәтіннің жалпылама мағынасы сол мәтін құрастырылған сөздер мен мәтін құрылымдарындағы семантикалық материалдардың барлығының жиынтығынан да артық шығатын мәнді білдіреді деп қорытындылайды ол [27].

Аударматануда аты қалған, өзіндік орны бар зерттеушілер жеткілікті, олардың барлығының көзқарастарымен бір монография көлемінде үстірт те болса таныса қою, бәлкім, қиын болар әрі біз ондай “скопос” (мақсат) қойып та отырған жоқпыз. Мұнда бізді көбінде мәдениеттанулық ұстанымы бар аударма теориялары мен концепциялары қызықтырғанын да жасыра алмаймыз. Аударматанушылық ғылым саласында өзінің әдеттегідей үйреншікті емес пікірлерімен есте қаларлық тель-авивтік Гидеон Туридің концепциясымен осы бір қысқаша экскурсты тәмамдауға да болады.

Г. Тури өзінің концепциясының “бісмілләсін” аударма теорияларын сынаудан бастайды. Г. Тури “Аударма теориясын іздестіру барысында” (”В поисках теории перевода”, 1980) деген кітабында [28] барлық аудармаға қатысты теориялар жалған алғышарт ұстанады деп біледі. Оның себебін Г. Тури аударматанушылардың аударманы бастапқы мәтін – түпнұсқаға қарай, сол мәтін жазылған тілге қарай бағалауынан табады.

Г. Тури аударма концепциясын “сипаттамалық” концепция деп біледі. Ал аударма мүлдем басқа постулаттардан құралады. Ол концепция процеске емес, аударма нәтижесіне – алынған жаңа мәтінге басты назар аударады. Аударма мәтіні Г. Тури үшін басты категория. Егер қандай да бір мәтін аударма деп танылар болса, сонысымен де ол түпнұсқамен қатынаста эквиваленттілік танытқан мәтін болар еді. Аударма, Г. Тури түсінігінде, телеологиялық категория, өйткені оның жүзеге асу барысы мен нәтижесі оның түпкі мақсатына – аударма мәтінін алуға бағытталған. Сонымен, келтірілген экскурс барысында аударма туралы түсініктің қалыптасуын, аударма теориясының тарихи эволюциялық жолын, ондағы аударманың мәдениеттанымдық теориясына мұрындық болар концепцияларды қарастырдық.

 
Курстық жұмыстың толық нұсқасын Kenester.kz сайтының әкімшілігінен сұрап біле аласыз.

Курстық немесе Дипломдық жұмысқа тапсырыс беру

загрузка...