Ерлік жырын жырлаймыз, Ұлы жеңіс 70 жыл

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! 

Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді.

Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ.

Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды.

Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, —

деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр.
ерлік жырын жырлаймыз

Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Ол — өмір заңы.

Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін ғажап күшпен жеттік. Ол күш — әрине, "бірлік”. Қаншама халық бір тудың астына бірігіпкүштерін бір арнаға салды.Ұлы Жеңіс он бес одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.

Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін,
Саған қауіп төнгенде
Жау таянып келгенде,
Қамсыз тыныш жатпаймыз
Алпыс ұлттың адамы,
Қол ұстасып үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз, —

деп жазған Нүрпейіс Байғанидің өлеңінен халқымыздың Мәскеу қаласына деген ерекше құрметі байқалады.

Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті.

Қазақ ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отансоғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған бес жүз қазақтың Кеңес Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді.

Биылғы жыл Кеңес Одағының батыры атағын кеш алған Бауыржан Момышұлыатамыздың жүз жылдық мерейтойы жеңістің алпыс бес жыдығымен қатар келіп тұр. Торқалы тойдың қуанышы өзі сүйген халқы үшін ерекше болмақ. Найзағайдай жарқылдаған отты ой бар қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш Бауржан Момышұлы есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі – ел есінде”, — демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.

Бүгін — Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл: қазақстандықтардың майдан даласындағы ерліктері мен тылдағы табандылықтары ешқашан да ұмытылмайды!

Бүгін — Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл. 22 маусым — барлық посткеңестің елдердің тарихындағы ең қайғылыдатаның бірі.

Осыдан 70 жыл бұрын, дәл осы күні таң қылаң бере фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады.

Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастапжұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110400 жылқы, 16200 арба жөнелтілді.

Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941—1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.

Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам — Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар — Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.

Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы — мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі — қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі — Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар.

Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені мәлім. Гитлерліктер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.


Темір жол құрылысы жалғасты. 1942—1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды.

Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзіндеБүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы(ВЛКСМ)атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді.

Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті. Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.

КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942—1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды.

Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. 1710 қала және 70 мыңнан астам село-деревнялар, 31850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған. 40 мыңдай аурухана немесе басқа да емдеу мекемелері, 74 мың мектеп, техникум, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана және басқа да көптеген нысандар жойып жіберілген, тоналған.

Бүгін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.

 

Жеңіс туын желбіреткендер

Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз  Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Биыл Ұлы Жеңіске – 70 жыл.  Осынау датаға орай, ақпан айы Кеңес Одағының Батыры Мұқат Мұсаев пен «Даңқ» орденінің толық иегері Гавриил Петрович Шаминнің  өмірі мен ерлігін насихаттауға арналып отыр.

Сонау Жер-ананы өрт шарпыған соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлер — бүгінгі ақ сақалды ардагерлер мен ақ жаулықты аналар әрқашан жоғары құрметке лайық екені даусыз. Сондықтан да, оларға деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды, керісінше «тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, уақыт өткен сайын еселене бермек.

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

Кеңес Одағының Батыры Мұқат Мұсаев 1919 жылы Теңіз ауданы Қошалақ ауылында дүниеге келген.

Кеңес әскері қатарына 1941 жылы шақырылған Мұқат Мұсаев 1944 жылдың мамыр айынан бастап 2-Украина майданы 53-армия 228-атқыштар дивизиясы 795-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Кескілескен ұрыс даласы жас жауынгерді ұршықша иіріп, шыңдады. Әсіресе, Венгрияны азат етуде аянып қалмады. 1944 жылдың 25 қазанында қатардағы жауынгер М.Мұсаев Тисафюред қаласындағы Тисса өзенінен алғашқылардың бірі болып тез жүзіп өтіп, пулеметтен оқ жаудыру арқылы ротаның оң жағалауға өтуіне ықпал жасады. Өзеннен өткен соң фашистердің 18 қарсы шабуылына тойтарыс берген пулеметші қазақ жігіті жаудың 60 солдаты мен офицерін, үш пулемет ұясын жойған. Соғыс кезінде алған ауыр жарақатына қарамастан ұрыс даласын тастамай, ақырғы оғы қалғанша шайқасты.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1945 жылдың 24 наурызында ерлігі және соғыс тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін Мұқат Мұсаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Оқ пен от ортасынан оралған Мұқат Мұсаев Астрахан облысы Наримановск ауданы Буруны ауылында жұмыс жасап, түйе шаруашылығын меңгерді. 1954 жыл 3 мамырда өмірден өтті. Қазір Астрахан облысында ол тұрған ауылда батыр есімі көшеге берілген.

Көзсіз ерлік жасаған

Гавриил Шамин де  — ер етігімен су кешіп, жеңісті жақындатқан жандардың бірі,  «Даңқ» орденінің толық иегері.

Ол 1923 жылы Индер ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Кен ошағында ағаш шебері болып еңбек еткен. 1941 жылы әскер қатарына алынып, полк мектебін бітірген соң майдан шебіне жіберілді. Барлаушылар ротасының 433 бөлімінің барлаушысы, сержант  Г.Шамин 1944 жылы Псков облысы, Пустошкинский ауданына қарасты Островок ауылында бірнеше фашистің көзін құртып, бесеуін тұтқынға алған. Бұл ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ»   орденімен марапатталды.

Ол барлаушы ретінде ірі шайқастарда ерен ерлік көрсетеді. 1944 жылдың 18 қарашасы болатын. Латвияның Салдус қаласының оңтүстік-шығысында маңызды мағлұмат алып келе жатқан «тілді» ұстау тапсырылады. Барлаушылар тапсырманы орындауға қараңғы түсе аттанады. Қажетті аймақты тып-тыныш миналаған сержант Шамин, қатардағы жауынгерлер Русаков пен Тукаевтармен бірге жаудың пулеметшілер окопын басып алады. Шайқас басталып кетеді. Үш неміс солдаты өліп, жау тұтқынға алынды. Осылайша бұйрықты орындап, «тілді» ұстағаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені иегері атанады.

Жалпы, Гавриил Петровичтің ерлік жолы Сталинградтан Прагаға дейінгі аралықты қамтиды. Берлин түбіндегі ұрыста Шамин барлаушылар тобымен бірге «тіл» әкелуге бұйрық алады. Батыл барлаушы жау ортасына граната тастап, фашист жауынгерін тұтқындап, өз бөлімшесіне алып келеді. Бұл  1945 жылы   4 мамыры еді.  Осынау батылдығы мен батырлығы ескеріліп,  Гавриил Петровичке І дәрежелі «Даңқ» ордені табысталды.  Соғыс жылдары «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Соғыстан елге оралған соң бейбіт еңбекке белсене араласты. «Индер борат» руднигінде жүргізуші, автомеханик болып қызмет етті. 1969 жылы отбасымен облыс орталығына көшіп келіп, жиырма жылдай әскерилендірілген транспорт бөлі-мінде командирдің көмекшісі де болып жұмыс жасады. 1995 жылы 17 шілдеде 72 жасында дүниеден өтті. Атырау қаласында Г.Шамин есімі көше атауына берілді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес әскерлері 1418 күн мен түн бойына шайқасып, жеңіске қол жеткізіпті. Үлкен қиындықпен, қанмен келген ұлы күннің қаһармандарын қанша дәріптесек те артық емес.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

 

загрузка...